Болашақ тіл мамандарына тарихи синтаксисті оқыту әдістемесі
DOI:
https://doi.org/10.26577/JES202583213Аннотация
Мақалада болашақ тіл мамандарына тарихи синтаксисті оқыту жүйесінің ғылыми-әдістемелік негіздері «Гүлістан бит Түркі» шығармасы негізінде қарастырылады. XIV ғасырда Сайф Сарай жазған бұл ескерткіш түркі әдебиеті мен тілінің тарихи дамуындағы құнды дереккөзі болып табылады. Тарихи синтаксис – тілдің грамматикалық құрылымының эволюциясын зерттейтін маңызды сала, оны оқыту болашақ мамандардың тілдің даму заңдылықтарын терең түсінуіне және кәсіби біліктілігін арттыруға ықпал етеді.
Зерттеу мақсаты – «Гүлістан бит Түркі» мәтінінің синтаксистік ерекшеліктерін талдау арқылы тарихи синтаксисті оқытудың тиімді әдістемесін ұсыну. Мақалада мәтіндегі сөз тіркестері мен сөйлем құрылымдарының тарихи даму жолдары зерттеліп, олардың тілдік ерекшеліктері анықталады. Сонымен қатар мәтінді оқытуда қолдануға болатын әдіс-тәсілдер, студенттердің зерттеушілік қабілетін дамытуға бағытталған тәсілдер ұсынылады.
Зерттеу жұмысының нәтижесінде «Гүлістан бит Түркі» шығармасын оқу материалы ретінде қолдану болашақ тіл мамандарының тарихи тіл білімін меңгеру деңгейін арттырып, олардың аналитикалық және шығармашылық қабілеттерін жетілдіруге мүмкіндік беретіні көрсетілді. Ескерткіштің синтаксистік құрылымдарын зерттеу арқылы студенттер тек грамматикалық білім алып қана қоймай, түркі тілдерінің тарихи-мәдени мұрасын тереңірек түсінуге мүмкіндік алады. Бұл зерттеу болашақ мамандарды даярлау сапасын жақсартуға және тарихи тіл білімін оқыту тәжірибесін жетілдіруге үлес қосады.
Түйін сөздер: шағатай тілі, Гүлістан бит Түркі, тарихи синтаксис, оқыту әдістемесі, түркі тілдері.
