Жасанды интеллект және инклюзия: ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды ағылшын тіліне оқытудағы бейімдік платформалар
DOI:
https://doi.org/10.26577/JES872202610Аңдатпа
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушылар (ЕББҚ) оқу үдерісіне жалпы білім алушылармен тең дәрежеде қатысу барысында жиі қиындықтарға тап болады. Жасанды интеллект (ЖИ) немесе машиналық оқыту (МО) негізіндегі көмекші технологиялар инклюзивті әрі тең мүмкіндіктерге негізделген білім беру ортасын қамтамасыз етуде маңызды қолдау көрсете алады.Бұл мақалада ЖИ немесе МО негізіндегі инклюзивті білім беру құралдары мен технологиялары айқындалады, ЖИ көмегімен дербестендірілген оқу жоспарларын әзірлеу үшін қажетті факторлар талданады, сондай-ақ нақты уақыт режимінде ағылшын тілін оқытуда дербестендірілген оқытудың құрылымдық моделі ұсынылады. Зерттеу барысында Google дерекқорын, блогтарды, компания сайттарын, әртүрлі орталықтарда қолданылатын құралдар мен әдістерді талдау негізінде ЖИ немесе МО-ға негізделген инклюзивті білім беру технологиялары мен дербестендірілген оқытуды қалыптастыруға ықпал ететін факторлар анықталды.Аталған зерттеуде ағылшын тілі сабақтарында оқушылардың белсенді қатысуы мен бейімделетін оқытуды қамтитын жүйелі модель ұсынылады. Жүйе білім алушылардың дамуын үздіксіз бақылау мақсатында Блум таксономиясын қолданады. Сонымен қатар ЖИ немесе МО негізіндегі инклюзивті білім берудің құралдары мен технологияларының толық тізімі жасалып, дербестендірілген оқу жоспарларын әзірлеуге әсер ететін негізгі факторлар – білім алушылардың эмоциялық жағдайы, оқу барысындағы ілгерілеуі, жеке қалаулары, оқу стильдері мен оқу нәтижелері – айқындалды.Зерттеу нәтижелері жасанды интеллектке негізделген инклюзивті білім беру ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушылардың оқу тәжірибесін жақсартып, анағұрлым әділ әрі инклюзивті білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік беретінін көрсетеді.
Түйін сөздер: коммуникация, ЖИ-құралдары, инклюзия, ассистивті технологиялар, дербестендіру, машиналық оқыту, геймификация








