Білім беру аналитикасында деректердің баламалы көзі ретінде спутниктік суреттерді пайдаланудың артықшылықтары туралы
DOI:
https://doi.org/10.26577/JES88320268Аңдатпа
Бұл мақалада білім беру саласындағы балама және қолжетімді деректер ретінде түнгі жарықтандырудың спутниктік суреттері қарастырылады. Visible Infrared Imaging Radiometer Suite (VIIRS) суреттерін пайдалана отырып, таңдалған мектептердің айналасында 1 шақырым радиуста түнгі жарықтандыру өлшенді. Бұдан әрі деректер мектептердің құрылысын болжау және PISA Based Test For Schools (PBTS-2024) халықаралық зерттеуі негізінде оқушылардың оқу, функционалдық сауаттылығының нәтижелерін түсіндіру үшін пайдаланылды. Мектептердің құрылысын болжау үшін 2012-2024 жылдардағы тарихи түнгі жарықтандыру деректері бар кездейсоқ орман моделі пайдаланылды, ал оқу сауаттылығын түсіндіру үшін 2024 жылғы түнгі жарықтандырудың кросс – секциялық деректерін пайдалана отырып, көп деңгейлі модельдеу қолданылды.Зерттеу нәтижелеріне сәйкес түнгі жарықтың өзгеру динамикасы мектеп құрылысының жылын болжайтын айнымалылардың бірі болып табылады. Сонымен қатар, түнгі жарықтандыру айнымалысы білім алушылардың оқу сауаттылығы нәтижелерімен статистикалық тұрғыдан мәнді байланыс көрсетеді. Алынған нәтижелер мектеп орналасқан аумақтағы экономикалық белсенділік деңгейі мен оның динамикасы мектептерді орналастыру үшін қолайлы аумақтарды айқындауға мүмкіндік беретін маңызды көрсеткіштер екенін көрсетеді. Сонымен қатар, бұл көрсеткіштер оқушылардың білім жетістіктерімен оң байланысқа ие. Осылайша, бұл зерттеу білім беру саласындағы отандық әдебиеттерде түнгі жарықтандырудың спутниктік деректері сияқты балама деректерді пайдаланудың алғашқы мысалдарының бірі болып табылады. Практикалық тұрғыдан алғанда, түнгі жарықтандыру деректерін пайдалану жаңа мектептердің құрылысын болжау үшін пайдаланылуы мүмкін. Сонымен қатар, түнгі жарықтандыруды әлеуметтік-экономикалық мәртебенің қосымша контекстік индикаторы ретінде пайдалану мектепаралық теңсіздікті төмендетуге бағытталған білім беру саясатына пайдалы болуы мүмкін.
Түйін сөздер: мектеп инфрақұрылымы, спутниктік деректер, түнгі жарықтандыру, оқу функционалдық сауаттылығы, болжау, жаңа мектептер салу, көп деңгейлі модельдеу.








