Студентті тәжірибеге бағдарлап оқытудың тиімділігін бағалау құралы ретіндегі метрикалар: әдіснамалық тұғыр
DOI:
https://doi.org/10.26577/JES872202613Аңдатпа
Тәжірибеге бағдарланған білім берудің сапасын көтерудің талаптары жағдайында қолданылатын оқыту әдістемелерінің тиімділігін анықтайтын талдаулар жүргізілуі қажет. Тәжірибеге бағдарлап оқытудың теориялық тұғырлары дайындық сапасын пайымдауға, білім беруде мейлінше тиімді шешім таңдауға және түйінді көрсеткіштерді анықтауға мүмкіндік береді. Зерттеудің мақсаты – тәжірибеге бағытталған бағдарламалардың тиімділігін бағалау өлшемдерін білім алушылардың қанағаттану деңгейін талдау және таңдалған әдістер арқылы қолданбалы құзыреттіліктерді меңгеруге қалай ықпал ететіндігін анықтау.
Ендірілетін әдістемелердің тиімділігі студенттердің қолданылған форматтарға қанағаттануы, жобалардың жұмыс берушілердің сұраныстарының жүзеге асырылуына әсері, бағдарламаны меңгеруі, аралас құзыреттіліктер мен қосымша курстарды игеруі, сонымен қатар түлектердің қолданбалы бағытта жұмысқа орналасуындағы тәжірибеге бағытталған механизмдердің рөлі сияқты параметрлермен бағаланды. Аталған метрикалар бойынша тәжірибеге бағытталған бағдарламаларды бағалауды жүргізу үшін студенттердің қанағаттануының нәтижесі арқылы тиімділіктің интегралды көрсеткіштерін анықтауға негізделіп, студенттерге арналған сауалнама түріндегі маркетингтік зерттеу әдісі қолданылды.
Зерттеуге еліміздің 252 студенті қатысты. Студенттердің қанағаттануын жүргізілген сауалнаманың аясында кеңейтіп талдау үшін сапалы контент-талдау әдісі пайдаланылды.Аталған сауалнаманың нәтижесінде сапалы қолданбалы оқытуға әсер етеетін кедергілер айқындалды. Зерттеулер компаниялардың сұранысы бойынша студенттердің пәнаралық құзыреттіліктерді игеруіне мүмкіндік беретін жобалардың санын көбейту, виртуалды және симуляциялық білім беру технологияларын қолдану және қосымша курстар есебінен оқыту спектрін кеңейту және оларды сертификаттау қажеттігін көрсетті. Ұсынылған метрикалар білім беру бағдарламаларын өзектендіруде, бағалау әдістерін, университеттер мен кәсіпорындардың ынтымақтастық форматын кеңейтуде қолданбалы маңызға ие болып табылады.Анықталған метрикалар тәжірибеге бағытталған бағдарламалардың бәсекеге қабілеттілігін нақты және дұрыс бағалауға жетуге мүмкіндік береді.
Түйін сөздер: практикаға бағытталған оқыту, метрика, қанағаттану, жоба, қосымша оқыту, жұмысқа орналасу.








