Студенттердің академиялық ұтқырлыққа бейімделуі: психологиялық-педагогикалық механизмдер мен практикалар
##doi.readerDisplayName##:
10.26577/JES87220262Аңдатпа
Мақалада жоғары білім беруді интернационалдандыру жағдайында студенттердің академиялық мобильдікке бейімделу мәселесі қарастырылады. Зерттеудің өзектілігі халықаралық мобильділіктің артуымен және студенттердің жаңа академиялық және әлеуметтікмәдени ортаға тиімді бейімделуін қамтамасыз ету қажеттілігімен айқындалады. Зерттеудің мақсаты – студенттердің бейімделуінің психологиялық-педагогикалық механизмдерін анықтау және оларды университеттік ортада қолдаудың тиімді практикаларын әзірлеу және апробациялау. Зерттеу әдіснамасы аралас тәсілге (mixed-methods) негізделген және сандық әрі сапалық әдістерді қамтиды. Эмпирикалық база ретінде Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті мен Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің 128 студенті алынды. Диагностикалық құрал ретінде К. Роджерс пен Р. Даймондтың әлеуметтік-психологиялық бейімделу әдістемесі, сондай-ақ сауалнама, сұхбат және контент-талдау қолданылды. Алғашқы диагностика нәтижелері студенттердің бейімделу деңгейінде академиялық компоненттің салыстырмалы түрде жоғары екенін, ал әлеуметтік-мәдени және психологиялық бейімделудің жеткіліксіз дамығанын көрсетті. Осы анықталған мәселелер негізінде психологиялықпедагогикалық қолдау моделі әзірленді, оған үш негізгі компонент енгізілді: академиялық кеңес беру, мәдениетаралық сүйемелдеу және дербестік дағдыларын дамыту.
Модельді апробациялау оның тиімділігін көрсетті: бейімделудің интегралды көрсеткіші 3,58- ден 4,12-ге дейін өсті, жоғары деңгейдегі студенттердің үлесі артты, ал төмен деңгейдегілердің үлесі азайды. Ең маңызды өзгерістер эмоционалдық жайлылық, бейімделгіштік және ішкі бақылау көрсеткіштері бойынша байқалды, бұл тұрақты бейімделу стратегияларының қалыптасқанын дәлелдейді.
Зерттеу нәтижелері студенттердің академиялық мобильдікке тиімді бейімделуі кешенді психологиялық-педагогикалық қолдау жүйесін қажет ететінін растайды. Зерттеудің практикалық маңыздылығы университеттерде академиялық мобильділіктің сапасын арттыру және студенттердің халықаралық білім беру кеңістігіне табысты кірігуін қамтамасыз ету үшін қолдануға болатын тиімді модель мен практикалар жүйесін әзірлеуде көрінеді.
Түйін сөздер: академиялық ұтқырлық, бейімделуі, психологиялық қолдау, психологиялықпедагогикалық механизмдер, мәдениетаралық құзыреттілік, интернационалдандыру, студенттерді қолдау.








