Туризм мамандығы студенттерінің шет тілдік коммуникативтік құзыреттілігін дамытуда цифрлық технологияларды пайдалану

Авторлар

DOI:

https://doi.org/10.26577/JES883202610

Аңдатпа

Мақалада болашақ туризм саласы мамандарының шетел тіліндегі коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастырудағы цифрлық технологиялардың рөлі талданады. Зерттеудің өзектілігі болашақ туризм мамандарының көпмәдениетті ортада қарым-қатынас жасау қажеттілігіне байланысты олардың шетел тіліндегі коммуникативтік құзыреттілігін дамытуға деген сұраныстың артуымен айқындалады. Зерттеудің мақсаты – туризм мамандығы студенттеріне шетел тілін оқытуда цифрлық технологияларды қолдануды зерттеу және талдау, сондай-ақ олардың шетел тіліндегі коммуникативтік құзыреттілікті дамытуға әсерін анықтау.Зерттеу әдіснамасы ғылыми әдебиеттерге кешенді шолу жасауды және туризм мен қонақжайлылық бағыттарында білім алатын студенттермен жұмыс істейтін шетел тілі оқытушылары арасында сауалнама жүргізуді қамтиды. Сауалнамаға 61 оқытушы қатысты. Зерттеу барысында оқытушылардың цифрлық технологияларды қолдану деңгейі, пайдаланылатын цифрлық құралдардың түрлері, олардың тиімділігі және оларды енгізу барысында кездесетін қиындықтар қарастырылды.Зерттеу нәтижелері виртуалды шындық, геймификация платформалары, мобильді оқыту қосымшалары, жасанды интеллект құралдары, мультимедиялық ресурстар және әлеуметтік желілер сияқты цифрлық технологиялардың туризм мамандығы студенттерінің кәсіби лексикасын, сөйлеу сенімділігін, мәдениетаралық коммуникация дағдыларын, оқу мотивациясын және жекелендірілген оқытуды дамытуға оң әсер ететінін көрсетті. Сауалнама нәтижелері бойынша оқытушылар шетел тілін оқытуда көбінесе геймификация платформаларын, мультимедиялық ресурстарды және жасанды интеллект құралдарын қолданатыны анықталды. Сонымен қатар зерттеу барысында техникалық ресурстардың жеткіліксіздігі, әдістемелік қолдаудың болмауы, оқытушылардың цифрлық құзыреттілігінің шектеулілігі және инфрақұрылымдық кедергілер сияқты бірқатар мәселелер анықталды.Зерттеу қорытындысы бойынша цифрлық технологияларды шетел тілін оқыту үдерісіне тиімді енгізу болашақ туризм мамандарының коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыруға елеулі үлес қосатыны анықталды. Алайда бұл үдерісті табысты жүзеге асыру үшін әдістемелік дайындық, институционалдық қолдау, сондай-ақ оқытушылардың цифрлық және педагогикалық құзыреттіліктерін дамыту қажет.

Түйін сөздер: шет тілін оқыту, кәсіби тіл үйрену, туризм индустриясы, коммуникативті құзыреттілік, цифрлық құралдар, виртуалды шындық, ЖИ чат-боттары, мобильді оқыту, мультимедиялық ресурстар.

Автор өмірбаяндары

  • C. Нуралы, Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, International University of Tourism and Hospitality

    Докторант, Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университеті (Алматы, Қазақстан); Oқытушы, Халықаралық туризм және меймандостық университеті (Түркістан, Қазақстан, e-mail: symbat2200018@gmail.com).

  • А. Жайтапова, Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті

    педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті (Алматы, Қазақстан, e-mail: zhaytapova@internet.ru).

  • Қ. Файзулла, International University of Tourism and Hospitality

    аға оқытушы, Халықаралық туризм және меймандостық университеті (Түркістан қ., Қазақстан; e-mail: k.faizulla@iuth.edu.kz) .

Жарияланды

2026-09-20

Журналдың саны

Бөлім

Электронды оқыту мен дистанционды білім беру