Білім берудегі инклюзиялар: «Тәуекел тобындағы» студенттерді табысты бейімдеу технологиялары
Аңдатпа
Мақалада әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия және саясаттану факультетінің
педагогикалық мамандықтарындағы ерекше қажеттіліктері бар студенттердің бейімделу
тәжірибесі қарастырылған. Оқу және тәрбие жұмыстарының тәжірибесін жинақтауда 2012
оқу жылынан бастап бүгінгі күнге дейінгі уақыт аралығы сөз болады. Тікелей «Педагогика және
психология», «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандықтары бойынша 300, соның
ішінде 4 ерекше қажеттіліктері бар жас мамандар білім алып шықты. Ерекше қажеттіліктері бар
бітірушілер мамандық бойынша толық курсты бітіріп қана қоймай, қазіргі уақытта өздерін қоғамда
табысты жүзеге асырып жүр, сонымен қатар олар педагогикалық қолдауды, бейімделуді қажет
ететін басқа тәрбиеленушілердің де дамуына көмек көрсетуде. Тәжірибені жинақтау нәтижесінде
жоғары оқу орындарындағы мүмкіндігі шектеулі студенттерді табысты бейімдеуге және
сүйемелдеуге ықпал ететін кешенді тұжырымдама дайындалды. Кешенді және жүйелі тұрғыларға
сәйкес дайындалған тұжырымдама «тәуекел тобындағы» студенттердің табысты бейімделуіне
қажетті: инклюзия кабинеті, «Әлеуметтік үлгілеу» технологиясы, «Тьютор» технологиясы, «Жол
картасы» («Кездесу» формасы) «Педагогикалық қолдау» технологиясы, «Серуендеу» технологиясы,
«Командалық ынтымақтастық» технологиясы, «Кеңес беру» технологиясы, «Мобильді жылжымалы
мектеп» технологиясы сияқты құралдар мен технологияларды қамтиды. Көрсетілген үлгіде біз
курстастар арасынан «Тьютор» көмекші және ассистент-көмекші (еріктілер) рөлдерін байқаудан
өткіздік. Тұжырымдамада Алматы қаласының инклюзивті білім беру ұйымдарының және жоғары
оқу орындарының тәжірибесінің оң нәтижелері мен мамандардың сауалнамалық талдауларының
нәтижелері кіріктіріледі.
Түйін сөздер: инклюзиялар, ерекше қажеттіліктері бар студенттер, қолдау технологиялары,
сүйемелдеу технологиялары.








