Мектепте робототехника элементтерін оқыту
Аңдатпа
Мақалада инновациялық оқытудың дидактикалық ұстанымының бірі ретінде мектептегі
робототехниканың даму болашағы қарастырылады. Оқу үдерісінде ашық жинақталған Arduino
роботын қолдану ұсынылады. Роботтық техниканы оқытудың бағдарламалық-әдістемелік
кешенін дайындау қажеттілігі айтылады. Балаларды оқыту үшін «Робототехниканы ендірудің»
қазіргі жағдайына талдау жасалады. Бақылау, ғылыми әдебиеттерді талдау, іс-әрекетті
талдау, жүйелеу және тәжірибені жалпылау, сауалнама сияқты зерттеу әдістері қолданылған.
Сауалнамаға 58 респондент қатысқан. Мектепте робототехниканың элементтерін енгізуде
оқытудың көрнекілік, теорияның практикамен байланысы, ғылымилық, қолжетімділік, мақсатқа
бағыттылық ұстанымдарының дидактикалық тұрғыда сақталуы көрсетілген. Роботталған
платформаны басқарудың жаңа бағдарламалық-аппараттық шешімін әзірлеудің кезеңдері
келтірілген. Мақалада Arduino ашық жинау конструкторы бар роботты жасау барысында
қолданылған процедуралардың қысқаша сипаттамасы беріледі. Авторлар Қазақстан
мектептеріне робототехника элементтерін енгізу мәселесін информатика курсының ажырамас
бөлімі ретінде зерттейді. Мектептік білім беруде бөлімді ендіру үшін робототехникалық
түсініктердің жүйесін дайындау қажет. Мектепке робототехниканы оқытуды ендірудің әлеуетті мәселесі ретінде бағасының жоғары болуына сәйкес роботтардың кешендерін алудың мүмкін
еместігін жатқызуға болады. Аталған бөлімді ендіру оқушының құрастырушылық ойлауының
тиімділігін жоғарылатуға, қолдарының қозғалғыштық дағдыларын дамытуға, баланың
шығармашылық әлеуетін ашуға мүмкіндік береді.
Түйін сөздер: информатика оқыту әдістемесі, дидактика, ақпараттық технология, роботтық
технология, дидактикалық ұстанымдар.
