Биотехнологиялық зерттеулерді қолдану негізінде биологияны оқыту әдісі (жоғары сатыдағы су өсімдіктерінен биологиялық белсенді заттарды анықтау мысалында)
Аңдатпа
Мақалада жоғары оқу орындарында биологияны оқыту әдістемесіне биотехнологиялық
зерттеулерді кіріктіру арқылы білім алушылардың алған теориялық білімдерін практика түрінде
жүргізе алатын мүмкіндіктері қарастырылған. Биотехнологиялық зерттеулер көмегімен жоғары
оқу орындарында биология пәнін оқытудың үлгілік зертханалық сабақтарды жүргізудің әдіс-
тәсілдері ұсынылады. Зертханалық сабақ ұстаздың педагогикалық шеберлігіне байланысты
жан-жақты технологиялық әдістерді тиімді пайдалану арқылы жүзеге асады. Биотехнологиялық
зерттеулерді қолдану негізінде жоғары сатыдағы су өсімдіктерінен биологиялық белсенді
заттарды анықтау жұмыстары жүргізілді. Зерттеу нысаны ретінде жарық бөлмесінде арнайы
сұйық қоректік ортада өсірілген Eichhornia crassipes, Pistia stratiotes су өсімдіктері алынды. Су
өсімдіктерінің жерасты және жерүсті мүшелерінен биологиялық белсенді заттарды жинақтау
мөлшеріне талдаулар жүргізілді. Көптеген биологиялық белсенді заттар: алкалоидтар, амин
қышқылдары, антрахинондар, белоктар, кумариндер, полисахаридтер, стероидтар, терпендер,
фенол қышқылдары, флаваноидтар анықталды. Биологиялық белсенді заттарды анықтау әдісін
арнайы практикумдарда тәжірибелік жұмыстарды оңтайлы жүргізуді және алынған нәтижелерді
талдау барысында студенттердің зерттеушілік қабілетін дамыта отырып, ғылыми біліктілігін
қалыптастыруда әдістемелік сабақтың маңызы зор.
Түйін сөздер: Eichhornia crassipes, Pistia stratiotes су өсімдіктері, биологиялық белсенді заттар.








