Математика сабағында саралап оқыту кезіндегі бағалау
DOI:
https://doi.org/10.26577/JES.2022.v73.i4.07Аннотация
Математика пәні бойынша оқу бағдарламасының мазмұнын жаңарту оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталған. Математика мектеп курсында оқытылатын ең қиын пәндердің бірі бола отырып, мұғалімнен сабақты жоспарлау кезінде бағалау нәтижелері бойынша анықталған оқушылардың жеке ерекшеліктерін, оқушылар тобын ескеруді талап етеді. Бағалау оқу материалын меңгеруде, оқушылардың математикалық дағдыларын дамытуда олардың оқу нәтижелері туралы мұғалімге ақпарат беретін оқу процесінің ажырамас бөлігі болып табылады. Бұл ақпарат мұғалімге уақытында әрекет етуге және оқытудың осы кезеңінде тиімдірек болатын оқыту мен оқу әдістерін таңдауға мүмкіндік береді. Сабақты тиімді жоспарлау оқушылардың іс-әрекетін олардың математикалық қабілеттерін дамытуға ықпал ететін «жақын даму аймағында» болатындай етіп ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Авторлар математика сабағында саралап оқыту тәсілін ұйымдастырудағы бағалауды қолдану мәселесін зерттейді. Зерттеу барысында бағалау туралы және оқу үдерісінде сараланған тәсілді қолдану мәселелері бойынша отандық және шетелдік әдебиеттерге шолу жасалды. Бұл мәселелер бойынша әртүрлі авторлардың көзқарастары дәстүрлі және қашықтықтан (аралас) білім беру жағдайында да қарастырылды. Математика сабағында оқушылардың қалай оқытылатыны мен бағаланатыны туралы пікірлерін анықтау мақсатында сауалнама ұйымдастырылды және өткізілді. Бұл мақалада ауыл және қала мектептерінде оқитын оқушылар арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері баяндалып, олардың пікірі негізінде мұғалімдердің бағалау саласындағы қазіргі қажеттіліктеріне талдау жасалды. Әдебиеттерге жасалған шолу, сондай-ақ сауалнама нәтижелері мұғалімдерге арналған бағалау саласындағы қорытындылар мен ұсыныстар жасауға негіз болды.
Түйін сөздер: бағалау, сараланған тәсіл, оқу процесі, математика