Идентификацияның жастардың өзін-өзі дамытуындағы рөлі
DOI:
https://doi.org/10.26577/JES2024v80.i3.011Аннотация
Мақалада заманауи жастардың әлеуметтік белсенділігінің маңызды бағыты ретінде тұлғаның идентификациялау процесінің құрылымы мен мазмұны теориялық және практикалық тұрғыдан талданады. Әлеуметтік топтың рөлі мен ересек өмірдің ерекшеліктері арқасында жастар қоғамдағы трансформациялық процестерге тез бейімделіп, белгілі бір кезеңнің құндылықтары мен мәдени өзгерістерін меңгереді, сондай-ақ идентификациялау процесінен өтеді. Зерттеу тақырыбы бойынша ғылыми-теориялық әдебиетке кешенді талдау жүргізілді: тұлғаның «идентификация» ұғымы философия, психология және әлеуметтік ғылымдар контекстінде қарастырылып, идентификацияның қалыптасуы мен мазмұнының ерекшеліктері, оған әсер ететін белгілер мен факторлар анықталды. Мақалада шет елдердегі, ТМД елдеріндегі және отандық ғалымдардың еңбектерінде айтылған пікірлерге сәйкес, тұлғаның өзін-өзі дамытуындағы идентификацияның маңызы айқындалып, осы ұғымның ғылыми-әдістемелік негіздемесін жасауға әрекет жасалған. Зерттеудің практикалық бөлімінде эмпирикалық жұмыс жүргізілді. Э. Шостромның «Өзін-өзі актуализациялау деңгейін бағалау» сауалнамасы жүргізіліп, жастардың тұлғалық ерекшеліктерінің көрсеткіші ретінде өзін-өзі жүзеге асыру анықталды. Зерттеудегі диагностикаға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Педагогика және психология» мамандығының бакалавриат бағдарламасы бойынша білім алатын 79 студент қатысты. Нәтижелерге сәйкес жастардың тұлғалық сипаттамаларының деңгейлері жіктелді.
Түйін сөздер: идентификация, «Мен» тұжырымдамасы , жастар, өзін-өзі өзектендіру, өзін-өзі дамыту, сәйкестендіру, ұқсастық.