Диссертация тақырыбын таңдау: Қазақстандық докторантура контекстіндегі пилоттық зерттеу
DOI:
https://doi.org/10.26577/JES2024v80.i3.05Аннотация
Диссертациялық зерттеу тақырыбын таңдау зерттелетін салаға ғылыми үлесі мен зерттеушінің академиялық және кәсіби мансабының траекториясын анықтайтын докторантураның негізгі аспектісі болып табылады. Осы пилоттық зерттеу диссертациялық зерттеу тақырыбын таңдау мен демографиялық сипаттамалары (жынысы, жасы), мәртебесі (докторант, PhD, қорғалмаған түлек), ғылыми бағыты мен жарияланым белсенділігі арасындағы байланысты анықтауға тырысты. Сондай-ақ осы айнымалылар бойынша айырмашылықтарды орнату көзделді. Зерттеуге 77 респондент қатысты. Әдістемеге корреляциялық талдау, Манн-Уитни U және Крускал-Уоллис критерийлері кірді. Нәтижесінде жас пен мәртебе, жас және тақырыпты таңдауға жеткілікті уақыт, сондай-ақ таңдалған тақырыпқа қанағаттану мен жас арасындағы оң корреляция анықталды. Ал мәртебе рейтингтік журналдардағы басылымдармен оң корреляцияны көрсетті. Зерттеу нәтижелері диссертациялық зерттеу тақырыбын таңдаудың дербестігі айнымалысы бойынша ғылыми бағыт аспектісінде айтарлықтай айырмашылықтарды көрсетті. Жас, жыныс, мәртебе және жарияланым белсенділігі аспектісіндегі зерттелетін айнымалылар бойынша айырмашылықтар табылған жоқ. Докторанттардың диссертациялық зерттеу тақырыбын таңдау мәселесін болашақта зерттеу үшін пайдалы ұсыныстар берілді. Зерттеудің практикалық маңыздылығы -тақырыпты таңдау, демография, мәртебе және жариялау белсенділігі арасындағы байланыстар мен айырмашылықтарды түсіну докторанттарды қолдаудың тиімді стратегияларын жасауға көмектеседі.
Түйін сөздер: докторантура, PhD, зерттеу тақырыбы, диссертация, тақырыпты таңдау.