Асық әдістемелік технологиясы негізінде мектепке дейінгі балалардың сөйлеу тілін дамыту
DOI:
https://doi.org/10.26577/JES2025857Аннотация
Бұл мақалада мектепке дейінгі ұйымдардағы балалардың сөйлеу тілін дамытуда ұлттық ойын элементтері мен заманауи әдістемелік-технологиялық тәсілдердің кіріктірілуі қарастырылады. Зерттеу жұмысы Алматы қаласы, Түрксіб ауданына қарасты №187 мемлекеттік бөбекжай-балабақша базасында жүргізілді. Тәжірибеге 60 бала қатысты. Жаңа әдістеме «асық технологиясы» логопедиялық сабақтарда қолдануға бейімделіп, сөйлеу мүшелерінің қозғалысын жетілдірумен қатар, балалардың ұсақ және жалпы моторикасын, когнитивтік белсенділігін, зейінін, есте сақтау қабілетін, кеңістікті бағдарлау дағдыларын дамытуға бағытталды. Технологияның негізінде қазақ халқының ұлттық ойыны – асық арқылы балалардың артикуляциялық жаттығулары, нейрогимнастикалық және биоэнергопластикалық қозғалыстар кешені ұйымдастырылды. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, асық әдістемелік технологиясын жүйелі пайдалану сөйлеу тілінің бұзылысын түзетіп қана қоймай, баланың тілдік белсенділігін, эмоционалдық тұрақтылығын және мәдени сәйкестігін арттырады. Ұлттық мазмұн мен инновациялық логопедиялық тәсілдердің синтезі ретінде бұл технология мектепке дейінгі білім беру кеңістігінде тұлғаның тұтас дамуына бағытталған тиімді педагогикалық жаңалық болып табылады. Ұлттық ойын арқылы сөйлеу тілін дамыту әдісі балалардың когнитивтік, эмоциялық және әлеуметтік бейімделуіне оң әсер етіп, логопедиялық жұмыстың мотивациялық және мәдени мазмұнын байытты. Бұл зерттеу асық технологиясын мектепке дейінгі білім беру жүйесіне енгізудің тиімді инновациялық бағыты екенін көрсетті.
Түйін сөздер: асық технологиясы, сөйлеу тілі, мектепке дейінгі білім, логопедиялық әдіс, моторика, нейрогимнастика, ұлттық ойын.
