Жоғары оқу орындарында перифразды студенттердің коммуникативтік дағдыларын дамыту құралы ретінде оқытудың әдістемелік аспектілері
DOI:
https://doi.org/10.26577/JES20258516Аннотация
Мақалада тіл біліміндегі көркемдік тәсілдің айырықша түрі - перифраз туралы сөз болады. Аталған бейнелеу тәсіліне қатысты шетел ғалымдары мен отандық ғалымдардың зерттеулері, ғылыми мақалалары жан-жақты талданған. Тілші ғалымдардың еңбектеріндегі тұжырымдар бүгінгі күн тұрғысынан бағамдалып, перифраздардың өзіндік белгілері сараланды. Қазақ тілінің сөздік құрамын зерттеген ғалымдар перифразды көріктеуіш тәсілдермен сабақтастыра зерделеген. Ғалымдардың басым бөлігі перифраздарды мазмұндық және құрылымдық сипаттары бойынша метафора, метонимия, синекдоха, эвфемизм, табу, сөз тіркесі, күрделі сөздер мен фразеологизмдерге қатысты ортақ және ерекшеленетін қырлары тұрғысынан ғылыми талдауды қажет етеді деп пайымдайды. Қазіргі кезде қарым-қатынаста ойды ықшамдап жеткізу үшін және ана тілінің көркемдігін таныту үшін тілдік оралымдарды астарлы мағынада қолданылатын перифраздарды қолдану маңызды.
Абай шығармаларындағы перифраздар мысалға алынып, ойды құбылтып жеткізудегі маңызы көрсетілді. Болашақ филолог мамандардың перифраз ұғымы туралы түсініктерін анықтау мақсатында сауалнама әдісі арқылы зерттеу жүргізіліп, нәтижесі сипатталды және қорытынды жасалды. Экспериментке Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің "6В01701- қазақ тілі мен әдебиеті" мамандығының 1 курс білім алушылары қатысып, респонденттер арасында сауалнама жүргізілді. Сауалнамаға 3 топ, 66 білім алушы қатысты.
Түйін сөздер: перифраза, перифраза құбылысы, ауыспалы мағына, көріктеуіш құрал, теңеу, зерделеу.








