Студенттерді жасанды интеллект арқылы ағылшынша-қазақша аударма ерекшеліктерін талдауға үйрету
DOI:
https://doi.org/10.26577/JES86120268Аннотация
Бұл ғылыми зерттеу мақаласы болашақ аудармашыларға жасанды интеллект арқылы ағылшынша-қазақша алдын ала аударылған көркем әдеби шығарманы сын тұрғысынан талдап үйретуге бағытталған. Зерттеудің мақсаты студенттерді жасанды интеллект құралдарын пайдалана отырып, аудармаларды ағылшынша-қазақша талдауға оқыту әдістемесін әзірлеу және теориялық негіздеу болып табылады. Зерттеудің негізгі міндеттері студенттердің қызығушылықтарын арттыру мақсатында жасанды интеллектінің қазақ тілінде ұсынылған көркем туындысын дұрыс бағалау, жасанды интеллект өніміне сын көзбен қарау, аударма қателерін анықтау, оны жою жолдарын түсіндіріп талдау және дәлелдеу, аударма сапасының жоғары деңгейінде сақталуын қадағалау, синтетикалық ЖИ контентін ой елегінен өткізу, жасанды интеллект аудармасына 100% сенбеуді үйрету, ЖИ аудармасының растығын тексеру, көркемдік құралдармен дұрыс өңделгендігін тексеруге бағытталған. Сондай-ақ, оқу үдерісінде студенттер жасанды интеллект өнімдерін сын тұрғысынан саралап, аударма құзыреттілігін дамытып, прозалық мәтінді интерпретациялау қабілеттерін қалыптастырады. Жүргізілген талдау кезінде бірнеше қарама-қайшылықтар туындағандықтан, оларды жоюдың ең тиімді жолдары ұсынылды. Зерттеу әдістемесі ғылыми әдебиеттерді талдауға, түпнұсқа мен ЖИ ұсынған аудармаларды салыстырмалы талдауға, сауалнама жүргізу және бақылау әдістеріне негізделген. Эксперимент аралас әдіс арқылы жүзеге асқандықтан, оның қатысушылары ерікті таңдап алдынды. Тәжірибелік-педагогикалық жұмысқа Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің 3-курсынан 50 студент қатысты. Тәжірибелік-педагогикалық жұмыс үш кезеңнен тұрды. Экспериментте қатысушылардың аударма құзыреттілігі жасанды интеллект өнімдеріне сын тұрғысынан қарауды үйрету арқылы қалыптастыруға болатыны анықталды. Жүргізілген талдау ЖИ аудармаларына сыни талдау жасау студенттердің аударма құзыреттілігінің дамуына ықпал ететіндігін көрсетті. Зерттеудің құндылығы оның цифрлық трансформация жағдайында көркем аударманы оқыту әдістемесін дамытуға және білім беру процесінде жасанды интеллектіні қолданудың шегі мен мүмкіндіктеріне қосқан үлесімен анықталады. Алынған нәтижелердің тәжірибелік маңыздылығын ағылшынша-қазақша бағытта жұмыс атқаратын болашақ кәсіби аудармашыларды даярлау үшін оқу бағдарламаларын, практикалық сабақтар мен бағалау материалдарын әзірлеу кезінде пайдалануға болады.
Түйін сөздер: жасанды интеллект, болашақ аудармашы, сыни талдау, ЖИ өнімдері, аударма құзыреттілігі.








