Жаппай ашық онлайн курстарындағы пікірсайыс форумдары-білімді құру құралы
DOI:
https://doi.org/10.26577/JES.2022.v72.i3.06Аннотация
Жаппай ашық онлайн курстары (Massive open online courses- MOOCs) қашықтықтан оқытудың заманауи технологиясы ретінде білім алуда зор мүмкіндіктер ұсынады. Пікірсайыс форумдары бұл курстардың ең белсенді педагогикалық құрамы болып табылады. Форумдар жаһандық студенттер қауымдастығын құру, белсенді пікір алмасу, өзара әрекеттесумен қатар, мәселені бірлесіп шешу, білімді бірлесіп құру және цифрлы дағдыларды дамыту сияқты көп мүмкіндіктер ұсынады. Пікірсайыс форумдарының ерекшеліктері және оларды оқу үдерісінде қолдану мүмкіндіктерін анықтау зерттеудің басты мақсаты болып табылады.
Егер, біз виртуальды оқыту үдерісінде ауқымды аудиторияда білім алушылардың белсенді өзара әрекеттесуіне негізделген, жаппай ашық онлайн курстарындағы пікірсайыс форумдары сияқты заманауи қашықтықтан оқыту технологиясын қолдансақ, онда бұл білімді бөлісу мен бірлесіп құру сияқты дидактикалық мәселелерді шешуде тиімді екені сөзсіз.
Зерттеудің нәтижесінде халықаралық әдебиеттерге талдау жасау арқылы жаппай ашық онлайн курстарындағы пікірсайыс форумдарын қолдану ерекшеліктері мен білімді құру мүмкіндіктері теориялық тұрғыдан қысқаша тұжырымдалып ұсынылады. Сондай- ақ, Абай атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің 3 курс студенттерінің жалпы білім форумдарына қатысу тәжірибелері мен көзқарастарын анықтау мақсатында қысқаша сауалнама жүргізілді. Сауалнамаға барлығы 87 студент қатыстырылды. Зерттеудің нәтижесінде студенттердің білім алмасу пікірсайыс форумдарына көп қатыспайтындығы, алайда форумдарға қатысу уәждемелерінің жоғары екендігі анықталды.
Түйін сөздер: Жаппай ашық онлайн курстары (ЖАОК), коннективизм, пікірсайыс форумдары