Физика мұғалімдерінің коммуникативтік білігін дамыту құралы ретінде блогты жүргізу және пайдалану
DOI:
https://doi.org/10.26577/JES2024v80.i3.08Аннотация
Қазіргі білім беру жүйесінде оқыту процесін Интернетсіз елестету мүмкін емес, ол барлық білім беру субъектілері үшін таптырмас құралға айналды. Қазіргі уақытта білім беру процесіне қатысушылар білімді беру мен жинақтаудың негізі ретінде заманауи технологияларды кеңінен қолданады.
Оқытудың танымал бағыты мұғалімге оқу процесін тиімді жоспарлауға, сондай-ақ оның нәтижелерін жалпылауға және бағалауға мүмкіндік беретін білім беру блогын жүргізу және пайдалану технологиясы болып табылады. Блогтар ортақ мүдделермен біріктірілген адамдар арасындағы қарым-қатынастың кең мүмкіндіктерін ұсынатындықтан, оларды коммуникативтік білікті дамыту құралы ретінде қолданған жөн.
Дегенмен, бүгінгі таңда білім беру блогын тиімді жүргізуге және пайдалануға жеткілікті ақпараттық технологиялар саласындағы дағдылар мен білім әр мұғалімде бола бермейді.
Осы зерттеуді жүргізудің мақсаты Қазақстан Республикасы Жетісу облысының орта білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін физика мұғалімдерінің коммуникативтік білікті дамыту құралы ретінде блогты жүргізу және пайдалану қажеттілігіне деген көзқарасын айқындау болды.
Зерттеуге 116 физика мұғалімі қатысты. Зерттеуде сауалнама әдісі қолданылды. Нәтижелерді өңдеу кезінде жауаптар жиілігі мен әр жауап бойынша пайыздар есептелді.
Зерттеу нәтижесінде сауалнамаға қатысқан мұғалімдердің көпшілігі физика сабақтарында дәстүрлі оқыту құралдарымен қатар білім беру блогтарын жүргізуге және пайдалануға оң қарайтындығы анықталды.Сондай-ақ, физика мұғалімдері блогты жүргізу мен қолданудың құғидаттары мен әдістерін түсінуі үшін білім беру ұйымдары деңгейінде білім беру блогтарын жүргізу және пайдалану бойынша оқыту семинарлары мен курстарын өткізу қажеттілігі айқындалды. Сонымен қатар, мақалада мұғалімдердің физиканы оқытуға білім беру блогын қалай кіріктіру, пайдалану және қолдау керектігін түсінуі, сондай-ақ блог жүргізу кезінде уақыт пен күш-жігерді тиімді пайдалануы үшін білім беру блогын басқару стратегияларын әзірлеу қажеттілігі анықталды. Оған қоса, мұғалімдердің физиканы оқытуда қосымша құрал ретінде білім беру блогын жүргізуі және пайдалануы кезінде туындауы мүмкін мәселелерді шешу бойынша зерттеулерді жалғастыру қажеттілігі туралы тұжырым жасалды.
Түйін сөздер: білім беру блогы, коммуникативтік білік, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, білім беру процесі, оқыту сапасы, физиканы оқыту, оқытудың ақпараттық құралдары.