Студент жастардың терроризмге қарсы санасын дамытуды әлеуметтік-педагогикалық қамтамасыз етудің алғышарттары
DOI:
https://doi.org/10.26577/JES2024790202Аннотация
Халықаралық ғылыми тәжірибеде терроризмнің көптеген анықтамалары бар, бірақ тұтастай алғанда оның қасиеттерін келесідей сипаттауға болады: болжамсыздық, формалардың талғампаздығы, идеологиялық мотивация, тұрақтылықтың бұзылуы және зорлық-зомбылық. Әлемнің әртүрлі елдеріндегі трагедиялар, мысалы, Крокус Ситихоллдағы қайғылы оқиға, жастардың терроризмге қарсы санасын дамыту бойынша бағдарламалық, құқықтық, ұйымдастырушылық-педагогикалық өзгерістерді өзектендіреді. Бұл ретте білім алушылардың хабардарлығы, олардың сыни және аналитикалық дағдыларының дамуы, құқықтық сана деңгейі шешуші рөл атқарады. Мақала Қазақстандағы терроризмге қарсы іс-қимылдың алғышарттарын жан-жақты зерделеуге және студент жастардың терроризмге қарсы санасын дамытуға ықпал ететін факторларды эмпирикалық зерттеуге бағытталған. Зерттеу әдісі: жастар арасында терроризм мен радикализмнің алдын алу саласындағы нормативтік-құқықтық құжаттар мен теориялық әзірлемелерді талдау, шамамен 17-21 жас аралықты қамтитын 1-4 курс студенттері арасында фокус-топтық зерттеу. Барлығы фокус топтық зерттеу 12 адамнан (48 адам) тұратын 4 топты қамтыды. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, 1-2 курс студенттері діни білім мен тәрбиені арттыруда, ұлттық құндылықтар мен мағыналарды нығайтуда өз рөлін көреді. Терроризмге және оның идеологиясына қарсы күресте 3-4 курс студенттері сыни ойлауды дамыту, мотивацияны арттыру, патриоттық тәрбие беру, еріктілік және қоғамдық маңызы бар жобалар мен іс-шараларға қатысу сияқты құралдарға көбірек көңіл бөледі.
Түйін сөздер: алдын алу, терроризм, зорлық-зомбылық, терроризмге қарсы құндылықтар, терроризмге қарсы көзқарастар, сыни тұрғыдан ойлау.