Биология сабақтарында білім алушылардың медиасауаттылығын дамыту тәсілдері
DOI:
https://doi.org/10.26577/JES20258513Аннотация
Қазіргі қоғамда ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қарқынды дамуы білім беру жүйесінің сапасын жаңа деңгейге көтеруді талап етеді. Осыған байланысты мақалада биология пәнін оқыту үдерісінде оқушылардың медиасауаттылығын арттыру арқылы ақпараттық технологияларды тиімді қолдану қабілеттерін дамыту жолдары қарастырылған. 10-сынып оқушыларының медиасауаттылығы күрделі биологиялық тақырыптарды жеңіл әрі қызықты түрде түсіндіруге, сондай-ақ өз жұмыстарын шығармашылық тұрғыда ұсыну дағдыларын дамытуға көмектеседі. Биологияны оқыту барысында медиа білім беру әдістері оқушылардың биологиялық білімін тереңдетумен қатар, олардың медиасауаттылығын арттырудың маңызды құралына айналады. Мақалада білім алушылардың медиасауаттылығын қалыптастыруға мүмкіндік беретін бірқатар онлайн-платформалар сипатталған. Атап айтқанда, Heyzine платформасы интерактивті және мультимедиялық контент құруға мүмкіндік берсе, LearningApps.org платформасы интерактивті тапсырмалар мен жаттығуларды жасауға, қолдануға және бөлісуге арналған. Зерттеудің мақсаты – сауалнама жүргізу арқылы оқушылардың қажеттіліктерін анықтау және мектеп оқушыларының медиасауаттылығын арттыратын әдістерді қолдану. Сауалнама Google Forms қосымшасы арқылы жүргізіліп, зерттеу Шымкент қаласындағы №3 мектеп-интернаты базасында жүзеге асырылды. 10-сынып оқушылары арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде медиасауаттылықты дамытуға ықпал ететін ақпараттық технологиялар айқындалып, аталған платформалармен жұмыс істеу әдістері зерделенді. Зерттеу нәтижелері биологияны оқыту үдерісінде медиасауаттылықты қалыптастырудың тиімді тәсілдерін қолдану оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға және пәнге деген қызығушылығын арттыруға ықпал ететінін көрсетті.
Түйін сөздер: медиасауаттылық, медиабілім беру, білім алушылар, ақпарат, технология, биология.








