Толық емес отбасындағы жеткіншектердің агрессиясына мектептегі профилактикалық іс-шаралардың ықпалы
DOI:
https://doi.org/10.26577/JES20258512Аннотация
Бұл мақалада мектептегі профилактикалық іс-шаралардың толық емес отбасынан шыққан жеткіншектердің агрессиясына ықпалы жан-жақты қарастырылады. Жеткіншектердің агрессивті мінез-құлқы, әсіресе, толық емес отбасында өсетін шыққан жеткіншектер арасында, соңғы жылдары көп зерделенуде. Жеткіншектердің мінез-құлқы арасындағы байланыс күрделі әрі көпқырлы болып табылады. Зерттеуімізде толық емес отбасы жеткіншектері арасындағы агрессияның себептері мен ерекшеліктерін саралап, мектептегі профилактикалық шаралардың тиімділігіне көңіл бөлінді. Зерттеу барысында сауалнама жүргізіліп, эмоционалдық тұрақсыздық, вербальды және жанама агрессия, буллингке бейімділік сияқты негізгі көрсеткіштер анықталды. Зерттеуге Шымкенттегі мектептен 75 жасөспірім қатысты. Нәтижелер толық емес отбасынан шыққан оқушылардың көпшілігі эмоцияларын бақылауда қиындық көретінін, сондай-ақ, олардың айтарлықтай бөлігі жиі ашуланатынын және буллингке ұшырайтыны белгілі болды. Салыстыру үшін толық отбасындағы оқушыларда мұндай көрсеткіштер әлдеқайда төмен болды. Теориялық негіздеме ретінде отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектері зерделенді. Жағымды мектеп климатының, психологиялық тренингтердің және медиацияның агрессияны азайтудағы маңызы айқындалды. Сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық және мәдени факторлардың әсері талқыланды. Зерттеу нәтижелері мектеп, ата-ана және психологтардың бірлескен жұмысы жеткіншектердердің әлеуметтік бейімделуін жеңілдетуге және агрессия деңгейін төмендетуге ықпал ететінін дәлелдейді. Зерттеу жұмысы бойынша шетелдік зерттеулер жеткіншектердің агрессиясына отбасы құрылымының әсерін кеңінен қарастырғанымен, толық емес отбасынан шыққан балалардың мектептегі профилактикалық бағдарламаларға қалай жауап беретіні жеткілікті зерттелмеген. Қазақстан контекстінде толық емес отбасылардың көбеюі мен агрессия деңгейінің өзара байланысы туралы эмпирикалық деректер өте аз. Сондықтан бұл зерттеу толық және толық емес отбасындағы жеткіншектердің агрессия айырмашылықтарын анықтап, мектептегі профилактикалық шаралардың тиімділігін бағалау арқылы бар олқылықтың орнын толтыруды мақсат етеді.
Түйін сөздер: толық емес отбасы, жеткіншек, агрессия, буллинг, профилактика, мектеп климаты.








