Биология сабақтарында инновациялық технология ретінде оқу үрдісінде интеграциялауды пайдалану
DOI:
https://doi.org/10.26577/JES.2021.v66.i1.011Аннотация
Мақалада биология пәнінің «Молекулалық биология және биохимия» тарауын оқыту үрдісінде оқушылардың сандық сауаттылығын жетілдіру құралы ретінде логикалық және математикалық есептеулерді қолданудың нәтижелері қарастырылған. Биология саласындағы ғалымдардың еңбектері (Ленинджер А., 1985; Уилсон Дж., Хант Т., 1994; Северин Е.С., 2005 және т.б.) негізінде құрастырылған қиындық дәрежелері әр түрлі, бірнеше есептердің шығару жолдарымен берілген. Зерттеулер жүргізу кезінде, яғни логикалық және математикалық есептеулерді қолдануда бақылау және статистикалық есептеулер әдістері қолданылды. Инновациялық технология көмегімен интеграциялық оқыту үрдісінде оқушылардың молекулалық биология және биохимия тарауы бойынша негізгі ұғымдарды меңгеру дәрежесіне талдау жасалған. Зерттеу нәтижелері бақылау тобымен салыстырғанда, тәжірибелік топ оқушыларының оқу үлгерімдері 0,27-0,32 тең болып, яғни 11%-ға артқандығын көрсеткен. Сонымен қатар, математикалық есептерді шешуде химия және биология мамандығы бар пән мұғалімдерімен салыстырғанда, тек биология мамандығын бітірген пән мұғалімдеріне қиын соққандығы айқындалған. Инновациялық білім беру ортасында оқушылардың биология материалдары бойынша сандық сауаттылығы мен логикалық ойлау тиімділігінің педагогикалық шарттары: логикалық ойлауды қалыптастыруға бағытталған арнайы тапсырмалар жүйесін қолдану; пәндік олимпиада тапсырмаларын орындауда оқушылардың қызығушылықтары мен белсенділіктерін арттыру, Ұлттық бірыңғай тестілеу емтихандарына оптималды түрде жауап беру үшін және де болашақ мамандықты таңдауда бағыт-бағдар беруге мүмкіндік туғызатындығы анықталған. Оқушылардың биологиядан логикалық және математикалық есептерді қолдану арқылы логикалық ойлауын қалыптастырудың жетістігі – мұғалімнің жеке басына, біліктілігіне, сабақта қолданылатын оқытудың инновациялық әдіс- тәсілдеріне және әрине, химиялық және математикалық білімді қажет ететіндігімен байланысты екендігі айқындалған. Осы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері, логикалық және математикалық есептеулерді қолдану әдістемесі болашақта биология мұғалімдеріне әдістемелік құралы ретінде қолданылуы мүмкін.
Түйін сөздер: биология, интеграциялық білім беру, логикалық және математикалық есептеулер, оқытудың инновациялық әдістері, мектеп бағдарламасы, оқу үлгерімі.