Оқулықтарды апробациядан өткізуде бағалау критерийлерін қолдану нәтижесі
DOI:
https://doi.org/10.26577/JES.2023.v75.i2.07Аннотация
Қазіргі уақытта еліміздегі оқулықтану мәселелері негізінен мектеп оқулықтарын даярлаумен байланысты. Жаңартылған білім беру бағдарламасы енгізілгелі бері бұл мәселе құзырлы органдар мен ғалым, әдіскер-педагогтардың, сондай-ақ, қоғамдық ұйымдардың да белсене атсалысып келе жатқан саласына айналды. Бұл үрдіс оқулықтанудың жандануымен бірге мектеп оқулықтарының сапасын арттыруға да ықпалын тигізіп отыр. Ұсынылып отырған мақаланың мақсаты – оқулықтың анықтамасын айқындай келе, мектеп оқулықтарын апробациядан өткізу нәтижесін көрсету. Осы мақсат аясында мектептерде педагогикалық эксперимент жүргізу көзделді.
Зерттеу жұмысын жазу барысында сараптау, талдау, анализ, синтез, салыстырмалы әдістер пайдаланылды. Оқулық жазуда ескеретін арнайы талаптар – бұл бағыттағы бұлжымас қағидат. Сонымен бірге, мектеп оқулықтарын даярлау үдерісінде оның нақты бағытталған нысаны, оқушылардың жас ерекшелігі, оқыту технологиялары, қоғамдық-әлеуметтік ерекшеліктер сияқты аса маңызды қырлары барын да ескеру орынды. Оқулықтың негізгі рөлі – оқушыға жүйелі білім берумен қатар, оның өз бетімен білімін жетілдіруге, алған білімін практикада қолдану құзыреттілігін қалыптастыруға ықпал етуінде. Оқулықтардың дидактикалық аппараты бірнеше критерий бойынша сарапталса, оқулықтардың дидактикалық қызметінің жүзеге асуы да арнайы сұрыпталған критерийлер негізінде талданды. Зерттеу мақаланың маңызы мен құндылығы оқулықтың анықтамасын айқындау мен оқулықтарды арнайы апробациялық сараптамадан өткізу нәтижелерін талдаудан танылады. Зерттеу барысында алынған нәтижелерді еліміздегі қазіргі оқулықтану мәселелерін қарастыру барысында, сондай-ақ, мектеп оқулықтарын дайындау үдерісінде арнайы нұсқаулық түрінде пайдалануға, оқулықтарды апробациядан өткізуде негізге алуға болады.
Түйін сөздер: критерий, оқулық, білім мазмұны, оқыту, апробация, сараптама, дидактика.