ӘЛ-ФАРАБИДІҢ ІЗГІЛІКТІ ИДЕЯЛАРЫНЫҢ ЗАМАНАУИ ҚАЙЫРЫМДЫ ТҰЛҒА ТӘРБИЕЛЕУДЕГІ ҚҰНДЫЛЫҚТЫҚ ӘЛЕУЕТІ
DOI:
https://doi.org/10.26577/JES.2020.v62.i1.02Аннотация
Мақалада жоғары оқу орындарында білім алушы болашақ мамандарды әл-Фараби трактаттарындағы ізгілікті идеялар негізінде заманауи қайырымды тұлға ретінде тәрбиелеу мәселесі қарастырылады. Қазіргі уақытта кәсіби білімді, құзыретті маман дайындауда оның тұлғалық сапалық қасиеттеріне ерекше назар аударылады. Жақсы маман болу ғана емес, жақсы адам болу – тұтас педагогикалық үдерістің басты міндеттерінің бірі деп түсіндіріледі. Автор осы мәселені әл-Фарабидің еңбектеріндегі жақсы да жаман да қылықтардың қайталануын адамның мінез-құлқы және әдетке қатысты екендігімен байланысты дәйектеп көрсетуге ұмтылады. Осыған орай автор ғұлама ойшылдың «қайырымдылық» ұғымын тәрбие теориясының ұстанымдарының бірі ретінде талдап көрсетеді. Мақалада мейірімділік, жанашырлық, рақымшылдық, ізеттілік, кішіпейілділік, қарапайымдылық, өнегелілік және т.б. адамгершілік қасиеттердің адамдар арасындағы қарым-қатынастағы құндылықтық мәніне сипаттама жасалады. «Қайырымдылық» ұғымының құндылықтық мәнін автор жоғары оқу орындарындағы «Өзін-өзі тануды оқыту әдістемесі» пәнінің дәріс, семинар сабақтарындағы практикалық маңыздылығымен дәлелдеп көрсетеді. Сабақ барысында қолданылған оқу материалдары жалпы білім беретін мектептердің оқулықтарынан іріктеліп алынып, «Өзін-өзі тану» пәнін оқыту әдістемесі бойынша студенттерге арналған тапсырмаларға сәйкес өзгертіліп талданған. Оқу стратегиялары Ортағасырдағы ойшылдың ғалым ретіндегі гуманды идеяларының құндылықтық әлеуетінің ХХI ғасырда да жоғалмай келе жатқан өзектілігін ашып көрсетуге негіз болады. Түйін сөздер: ізгілік, қайырымдылық, тұлғалық қасиеттер, құндылықтық әлеует, тәрбие, болашақ маман, білім беру, оқыту.